Бізбен бірге болыңыз:
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі
РМҚК «Ж. Елебеков атындағы
Республикалық эстрада және цирк колледжі»

РЭЦК тарихы

Ж.Елебеков атындағы Республикалық Эстрада-Цирк Колледжінің тарихы ұлттық сананың сапалы серпіліс жасаған кезеңі - ХХ ғасырдын 60-шы жылдарынан бастау алады. Республика басшылығы қоғамның жас-кәрісін, түрлі әлеуметтік топтарды қамтитын, бұқаралық сананың талғам-талаптарына сай келетін эстрада және цирк өнерін заман талабына сай ұйымдастыруды қолға алып, батыл қадамға барды. Мәскеудегі Орталыққа бірнеше мәрте өтініш жіберген Ел басшылары мәдени өміріміздің өркендеуінде маңызды рөл атқаратын өнер ошақтарын ашу мүмкіндігіне ие болды.

1964 жылдың 25 маусымында Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитеті «Республикадағы музыка өнерінің жағдайы және оны дамыту шаралары туралы» Қаулы қабылдап, республикадағы концерттік ұжымдарға қажетті мамандардың өткір тапшылығын жою үшін Қазақ КСР Министрлер кабинетіне эстрада студиясын құру туралы нұсқау берді.

1965 жылдың 20 мамырында ҚКСР Министрлер Кабинеті «Эстрада және Хор студияларын құру» туралы №383 Қаулысын қабылдады. Осы Қаулы негізінде ҚКСР Мәдениет Министрлігі 1965 жылдың 18 маусымында «1965 жылдын 1 қыркүйегінен бастап, Қазақ гастрольдік концерттік бірлестігі жанынан 2 жылдық эстрада студиясын, Абай атындағы Опера және балет театры жанынан 2 жылдық Хор студиясын құру туралы» №102 Бұйрық шығарды. Бұйрыққа қосымша ережеде эстрада студиясына Көркемсөз оқу шебері, Вокал, Аспапта орындаушылық, Би өнері, Эстрада, Цирк бөлімдеріне 1 курсқа 45 оқушы қабылдау және қабылданушылардың жас мөлшері әйел адамдар үшін 16-23, ер адамдар үшін 16-25 жас болып белгіленді.

Бұйрықтың үшінші тармағында барлық өлкелік, облыстық мәдениет басқармаларына, театр және музыкалық білім ошақтарына, мәдениет мекемелеріне талапкерлерді іріктеп, 20 шілдеге дейін олардың құжаттарын студияға жіберу міндеттелді. Сонымен қатар, ережеде ерекше талантты талапкерлерді  орта білімі болмаса да студияға қабылдауға рұқсат берілген.

Көп кешікпей Қазақконцерт бірлестігінің директоры А.Чернышев бастаған ынталы топ студия құруға қызу кірісті. Эстрада студиясының директоры және шығармашылық жетекшісі болып ҚКСР Еңбек сіңірген артисі, көркемсөз оқу шебері Гүлжиһан Ғалиева тағайындалды. Мәдениет министрлігі  оқу орнына талапкерлерді іріктеу үшін 23 шілде мен 6 тамыз  аралығында Г.Ғалиеваны сол кездегі Гурьев (Атырау), Орал, Қызылорда, Жамбыл, Шымкент облыстарына, ал Қазақконцерттің шығармашылық жетекшісі Асқар Тоқпановты Қарағанды, Ақмола (Целиноград) облыстарына іс- сапарға жібереді.

Республиканың әр қиырынан іріктелген талантты жас өскіндермен эстрада студиясы 1965 жылдың 1 қыркүйегінен бастап  оқу-тәрбие үрдісін бастады.

Республика басшылығы студияның жұмысын назардан тыс қалдырмай, дер кезінде қол ұшын беріп отырды. Атап айтқанда, ҚКСР Мәдениет Министрлігі 1966 жылы 14 сәуірде болған кезекті отырысында эстрада студиясының оқу-тәрбие жұмысы туралы мәселені тыңдап, қаулы қабылдады. Студия жұмысының жетістіктері мен кемшіліктерін атап өтіп, келешекте атқарылатын міңдеттерді белгілеп берді. Атап айтқанда, студенттерге өндірістік тәжірибені өту кезінде еңбек ұжымдарында 50-60 концерт ұйымдастыру туралы нұсқау берілді.

КСРО аумағында Мәскеу мен Киев эстрада студияларынан кейінгі үшінші, ал республика көлемінде алғашқы болып шаңырақ көтерген білім ордасының қалыптасып шыңдалуына Қазақ мәдениетінің айтулы тұлғалары, Қазақстанның  Халық  артистері -  Ж.Елебеков, Ғ.Құрманғалиев, К.Кенжетаев, Ы.Ноғайбаев, Б.Қарабалина, П.Поторока, Б.Жылысбаев, Х.Тастанов, Ф.Балғаева, М.Хамзин, Г.Рутковская, З.Қойшыбаева, Н.Тлендиев т.б. өнер саңлақтары зор үлес қосты. Ұлттық өнер тарихындағы дара тұлғалардың әрқайсысы студия қабырғасында өз мектебін қалыптастырып, ізбасар шәкіттерін даярлады, өшпес қолтаңбаларын қалдырды.

1967 жылы Г.Ғалиеваның жетекшілігімен студияның алғашқы түлектерінен елімізде алғашқы эстрада ансамблі - «Гүлдер», сондай-ақ, «Қазақ мемлекеттік циркі», Мемлекеттік қуыршақ театры құрылды.

«Республикалық эстрада студиясын бітірушілерді өнер ұжымдарына бөлу туралы» бұйрыққа сай оқу орнын тәмамдаған 50 студент «Гүлдер», «Қазақконцерт» және облыстық мәдениет басқармаларына жіберілді. Цирк бөлімінің 9 түлегі Саратов мемлекеттік циркіне кәсіби біліктілігін шыңдауға жолдама алды.

1992 жылы студияға училище мәртебесі және Қазақстанның Халық артисі  Ж.Елебековтың есімі беріліп, 3жылдық оқу мерзіміне көшірілді.

Ал 1995 жылы оқу-білім ордасы қазіргі заман талабына сай колледж мәртебесіне ие болды.

2008 жылдың 31 желтоқсанында АБ №0064046 сериялы, әрекет ету мерзімі шектеусіз мемлекеттік лицензияға сәйкес, колледж өз қызметін келесі 5 шығармашылық бағыт және мамандықтар бойынша жүргізеді: театр өнері; хореография; музыка өнері; цирк өнері; аспаптық орындаушылық:

  1. 0404000 – аспаптық орындаушылық және эстрада музыка өнері
  2. (040403 3 – халық аспаптар оркестрінің артисі, 0404004 3 – эстрадалық аспаптар оркестрінің артисі);
  3. 0407000 – Ән салу (040702 3 – домбырамен халық әнін айтатын
  4. артист, 040703 3 – эстрадалық ән айтатын артист, 040704 3 – хор артисі);
  5. 0408000 – Хореография өнері (040802 3 - би ансамблінің артисі);
  6. 0409000 – Актерлік өнер ( 040901 3 – драма театрының артисі, 040903 3 – қуыршақ театрының артисі, 040904 3 – сөйлеу жанрының артисі);
  7. 0410000 – Цирк – (041001 3 – цирк артисі);

Колледжде 9 бөлім жұмыс істейді:

  1. Цирк өнері бөлімі. Бөлім меңгерушісі - Н. А. Маркин.
  2. Эстрадалық аспаптар бөлімі. Бөлім меңгерушісі - А.С.Каньшин.
  3. Эстрадалық вокал бөлімі. Бөлім меңгерушісі -  Л.А.Әміреева.
  4. Хореография бөлімі.  Бөлім меңгерушісі - А.А. Досмухамедова.
  5. Музыкалық-теориялық пәндер бөлімі. Бөлім меңгерушісі - Г.М. Тайбекова.
  6. Халық музыкасы бөлімі. Бөлім меңгерушісі -  Т.Әбуғазин.
  7. Хормен ән салу бөлімі. Бөлім меңгерушісі - Ш.К. Бүркітбаева.
  8. Актерлік өнер бөлімі. Бөлім меңгерушісі - М. О. Утебаева.
  9. Жалпы гуманитарлық пәндер бөлімі. Бөлім меңгерушісі - Р.М. Сағиева.

Колледж студенттері орындаушылық шеберлігін ұстазбен өткізілетін жеке сабақ барысында ұштайды. Бұл - білім ордасының оқу-тәрбие үдерісінің басты ерекшелігі. Сонымен қатар, олар кәсіби біліктілігін циркте, опера және драма театрларында, филармонияда, оркестрлерде, хореографиялық ансамбльдерде, хор капеллаларында және басқа да өнер ордаларында шыңдайды. Колледж атанған өзге мекемелермен тәжірибе алмасу жұмысын ұйымдастыру үшін 20 шақты шарттарға қол қойған.

2014 жылдың  23-25 - қазанында колледжде қазақтың біртуар ұлы, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері - Жүсіпбек Елебековтың өнегелі өмірі мен шығармашылығын жас ұрпақ жадында мәңгі сақтау мақсатында дарын иесінің 110-жылдығына орайластырылған «Тұлға  және қоғам – тарих толқынында» атты II-Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Конференцияға Қытай, Түркия, Моңғол, Қырғызстан мен Қазақстанның өнер қайраткерлері, зерттеуші ғалымдары, ұстаздары мен магистранттары қатысты. Сондай-ақ, республика деңгейінде дәстүрлі әншілердің колледжаралық  байқауы өтті.

«Халық музыкасы бөлімінде» тәлім алатын студенттер бабадан қалған мұраны қайта жаңғыртуға атсалысып жүрген орындаушылардан Жетісу, Арқа, Шығыс, Батыс, Қаратау, Маңғыстау, Сыр бойының ән, жыр, күй мектептерінің  дәстүріне сай тәрбиеленіп, қанаттандырылады. Шәкірттер домбырамен қатар, қылқобыз, шертер, сазсырнай, жетіген және т.б. ұлттық аспаптарды жетік меңгереді. Бөлім студенттерінен құрылған ұлт аспаптар оркестрі халық күйлері мен әндерін, әлемдік классиканы және заманауи шығармаларды нақышына келтіре орындайды.

Би бөлімінде бұл өнердің қыр-сырын жетік меңгерген, тәжірибелі ұстаздар классикалық, фольклорлық, заманауи би, қазақтың ұлттық биі мен шығыс биі, ХVІ-ХІХ ғғ.-ғы тарихи-тұрмыстық билерді үйретеді. Соның нәтижесінде студенттеріміз халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанып, түрлі фестивальдер мен концерттердің сәнін келтіреді.

«Актер шеберлігі» бөлімінің ұстаздары «Қуыршақ өнері», «Драма актері», «Көркемсөз оқу шеберлігі» мамандықтары бойынша дәріс береді.
Бөлімде ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарған Қазақстанның Халық артисі Б.Омаров 2004 жылы колледж қабырғасында республика көлеміндегі тұңғыш  « Ата Байтен» аталатын Кіші театр құрды. 2011 жылы Театр ұжымы мен актер бөлімі бірігіп, Кіші театрлардың Республикалық І фестивалін ұйымдастырды. Тәлімі мен тәрбиесі мол Фестивальді екі жылда бір рет өткізу туралы шешім қабылданды.

«Көркемсөз оқу шебері» тобының студенттері республиканың мәдени өмірінде болып жататын түрлі іс-шараларға белсене қатысты. 2012 жылы Мәскеуде өткен дәстүрлі Халықаралық «Чехов оқуларында», оқытушы Ә.Н.Малимованың шәкірттері үшінші орынды иеленіп лауреат және дипломант атанды. Таланттарына тәнті болған Ярославль мемлекеттік институты осы топтың тоғыз түлегіне Ресей Федерациясының мемлекеттік гранты негізінде 2012 жылдың қыркүйегінен бастап оқытып жатыр.

2015  жылдың  17-19 сәуір аралығында колледжде қазақтың ұлттық эстрада өнерінің көрнекті қайраткері, қазақ топырағынан шыққан тұңғыш көркемсөз шебері, Қазақ КСР-ң Халық әртісі Гүлжиһан Ғалиеваның өмірі мен қайталанбас мол рухани мұрасын жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында,  жоғарғы өнер оқу орындары мен өнер колледждері студенттері арасында I-ші Халықаралық көркемсөз шеберлері  байқауын өткізді. Байқауға Ресей, Монғолия, Қытай, Қырғызстан елінен, Республика көлемінде: Астана, Алматы, Қызыл-Орда, Жамбыл, Қарағанды, Семей, Петропавл, Атырау, Көкшетау, Орал, Шымкент қалаларының  өнер ордаларынан  үміткерлер қатысты. Колледжіміздің «Көркемсөз оқу шебері» бөлімінің 3 курс студенті Қанат Дәулет-Бас жүлдені иеленсе, Әбдіпатта Жанғали 3 орын-лауреат атағына ие болды. Колледжімізде 1 қыркүйек  айында Гүлжиһан Ғалиеваның шеберханасы ашылды.

«Қуыршақ өнері», «Драма актері» топтарының түлектері - облыстық драма, қуыршақ театрлары труппаларының қатарын толықтыратын кадрлар. Бұл мамандыққа еліміздің түкпір-түкпірінен сұраныс көп түседі.

Республика және одан тыс елдерге танымал эстрада әншілерінің алтын ұясы «Эстрада вокал» бөлімі эстрадада ән салу артистерін даярлап шығарады. Бөлім студенттері республикалық «Шабыт», «Жас қанат», «Жұлдыз», «Арай» және халықаралық деңгейдегі конкурстар  мен фестивальдарға қатысып, (Славянский базар) лауреаттар қатарын толықтыруда.

«Эстрада аспаптары» бөлімінің студенттері заман талабына сай гитара, ұрмалы аспаптар, бас гитара, саксофон, труба, акустикалық гитара сынды аспаптарды меңгеріп шығады. Бөлім студенттерінен құрылған «Джаз аспаптары» оркестрі кәсіби шеберліктерін АҚШ, Еуропа елдерінде өтетін байқауларда шыңдайды. АҚШ-тың Чикаго, Нью-Йорк қалаларында өткен джаз музыкасының Дүниежүзілік форумында (2006) өнер көрсеткен  колледж студенттерінің орындаушылық шеберлігіне джаз өнерінің әлемдік деңгейдегі төрешілері жоғары баға берген.

«Жеке ән салу» бөлімінің студенттері вокалдық шеберліктерін шыңдап, қазақ, орыс, итальян тілдеріндегі әндерді жоғары кәсіби деңгейде орындайды. Бөлім студенттері Ақтөбе,  Өскемен қалаларында өткен халықаралық, республикалық байқаулардан жүлделі орындарды қанжығаларына байлап оралды.

Цирк бөлімінің акробатика, жонглирование, ауадағы гимнастика, эквилибр, клоун өнері мамандықтары бойынша тәлім алған колледж түлектеріне отандық және шетелдік цирктерден сұраныс көптеп түсуде. Цирк түлектері бүгінгі таңда Ресей, Германия, Австралия т.б. елдерінде нәтижелі еңбек етуде. Цирк мамандарын даярлауды халықаралық деңгейге көтеру мақсатында РЭЦК басшылығы 2011-2012 оқу жылы Италиядағы Милан университетінің «Цирк режиссурасы»  кафедрасы, Цирк өнерінің мұрағаттық әдебиет пен құжаттар орталығы, Цирк өнері қауымдастығы, Венгр Цирк Институты, М.Н.Румянцев атындағы мемлекеттік цирк және эстрада өнері училищесі, Берлиндегі неміс би және цирк өнері институты, Ресей мемлекеттік цирк компаниясы т.б. айтулы өнер ордаларымен ұзақ мерзімді әлеуметтік серіктестік пен халықаралық ынтымықтастық аясында келісімдер жасады.

2012 ж.сәуір айында біздің колледж Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясымен бірігіп, І халықаралық цирк өнері форумы және ғылыми- тәжірибелік конференция өткізді. Италия, Испания, Венгрия, Ресей, Өзбекстан т.б. елдерден  форумға келген әлемге танымал тұлғалар жиынға, онда талқыланған мәселелерге жоғары баға берді.

Елбасы Қазақстан халқына арналған жолдауында: «Оқу жастарға тек білім беріп қана қоймай, сонымен бірге оларды әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана білуге де үйретуі тиіс», - деп атап көрсеткен. Осы орайда колледж ұжымы студенттердің алыс, жақын елдерден тәжірибе жинақтап, бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына бар мүмкіндіктер жасап отырғанын айта кеткен жөн. Бұл мақсатта «Халық музыкасы», «Би» бөлімдерінің бір топ студенттері 2012 жылы мамырдың 12-21 аралығында түркі халықтары мәдениетінің халықаралық ұйымы «Түрксой» ұйымдастырған Түркі мәдениетінің халықаралық фестивалі, Жастар фестивалі, халықаралық эстрада конкурстарына қатысып, бас жүлделерге ие болды. Әлемнің көптеген елдеріне хабар тарататын «ТRT Geni gun» телеарнасынан колледж ұстаздары мен студенттерінің үш сағаттық сұхбат-концертінің арқасында қазақ өнері жер жаһанға насихатталды.

Колледждің «Жалпы фортепиано», «Музыкалық теория», « Әлеуметтік гуманитарлық» бөлімдерінің ұстаздары студенттердің білімін тереңдетіп, адамгершілік, отансүйгіштік тәрбие беру ісіне өз үлестерін қосуда.

2010 жылдан бастап колледж ұжымы ұстаздар мен студенттердің республикалық, халықаралық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференцияларын өткізуді дәстүрге айналдырып отыр.

Колледждің бірқатар оқытушылары екіжақты келісімге сәйкес, Мәскеудегі ағайынды Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясынан біліктілік арттыру курстарын өтіп, тәжірибе жинақтап қайтты.

Оқу орнының тарихын зерделеп, келер ұрпаққа аманат етіп қалдыру мақсатында маңызды құжаттар, фото-кино жәдігерлер жинақталуда. Оқу орнының қалыптасып, дамуына үлес қосқан Ж.Елебековтің мүсіні колледж алдындағы алаңға орнатылса, Г.Ғалиеваның есімі колледж әкімшілігінің қала басшылығына қойған табанды талабы нәтижесінде қала көшесіне берілді.